Бұрын-соңды оқыған түрлі ақпараттардың ЕШҚАЙСЫСЫ маған осы мақалада жазылғандай денсаулыққа қатысты дағдарысты жеңуге болатынын, назарымды Мәсіхке қалай шоғырландыру керектігін… және көңіл-күйім нашар болған кездерде, оны қалай қалыпқа келтіру керектігі туралы мағлұмат алмаған едім.
Есіңізде болсын, бұл мақалада автордың қатерлі ісікпен қалай күресетіндігі туралы жазылған.
Мүмкін дәл қазір сіздің басты мәселеңіз қатерлі ісік емес шығар.
Сондықтан осы мақаланы оқыған кезде, «қатерлі ісік» деген сөзді көрген әр жерге, қазіргі сәтте сізді мазалап жүрген денсаулыққа қатысты мәселеңізбен немесе ауруыңызбен алмастырғаныңыз жөн болар.
Тағы бір қайталап кетейін.
Автор өзінің қатерлі ісікпен күресу жолын айтып бөліседі.
Яғни «қатерлі ісік» деген сөзді, өзіңізді алаңдатып, денсаулығыңызға теріс әсер етіп жүрген қандай да бір аурумен алмастырғаныңыз жөн.
Құдайдың Өзі сізге жар болсын!
Қатерлі ісік ауруы кезіндегі уақытыңды ысырап етпе!
Өміріңізде бұл бақытсыздықты Құдайдың қалай қолдана алатынының 10 тәсілі.
Джон Пайпер
Мен бұл мақаланы қуықасты безіне жасалатын отаның қарсаңында жазып отырмын. Мен Құдайдың кереметтер мен дәрі-дәрмектермен емдейтін күшіне шүбәсіз сенемін. Емдеудің екі түрі үшін де дұға ету дұрыс және жақсы деп есептеймін. Өйткені қатерлі ісік Құдайдың күшімен емделгенде ол зая кетпейді. Жаратушы Иеміз даңққа ие болады, сол себепті бұл өмірде қатерлі ісік ауруы бар. Осылайша, егер сіз сауығу үшін дұға етпесеңіз, онда сіздегі аурудың зая кетуі мүмкін. Бірақ сауықтыру Құдайдың барлығына арналған жоспары емес. Қатерлі ісіктен құтылудың басқа да көптеген жолдары бар. Алайда мен өзім үшін де, сіз үшін де осы ауырсынуды құр босқа ысырап қылмауымызды сұрап дұға етемін.
1. Бойыңыздағы қатерлі ісікті Құдай сіз үшін жаратқанына сенбесеңіз, онда оны ысырап қылғаныңыз.
Құдай біздің қатерлі ісігімізді ғана қолданады, бірақ оның пайда болуына еш әсер етпейді деп айтуға болмайды. Өйткені Құдай орындалуына рұқсат еткен нәрсенің міндетті түрде өзіндік себебі бар. Ал бұл себепте – Оның көздеген бір мақсаты бар. Егер Құдай молекулалық дамудың қатерлі ісікке айналатынын болжаса, онда оның дамуын тоқтату не тоқтатпау тағы Иеміздің еркінде. Егер Иеміз олай етпесе, онда Оның Өзіндік бір мақсаты бар. Ол шексіз дана болғандықтан, бұл мақсатты жоспар деп атағанымыз дұрыс болар. Шайтан шынайы және көптеген ләззат пен азаптарды тудырады. Бірақ Құдай Шексіз. Әзәзіл шайтан Әйүптің денесін басынан аяғына дейін түгелдей жаралы шиқандармен қаптатты (Әйүп 2:7), Әйүп мұны түптеп келгенде Құдайдан деп сенді (Әйүп 2:10), осылайша ол шабыттана: «Олардың барлығы Жаратқан Иенің Әйүптің басына салған азабы мен қиындығы үшін оған жұбаныш айтып, әрқайсысы бір-бір күміс теңге мен алтын жүзіктен сыйлады» (Әйүп 42:11) деп, жар салды. Сонымен егер сіз қатерлі ісікті Құдайдан деп сенбесеңіз, онда оны құр босқа жіберіп алуыңыз мүмкін.
2. Егер сіз бұл ауруды сыйлық емес, қарғыс деп сенсеңіз, онда оны ысырап еткеніңіз.
«Енді Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы адамдарға Құдай жазалау үкімін шығармайды» (Рим. 8:1). «Алайда айқыш ағашқа шегеленіп ілінген кезде Мәсіх бізге тиісті қарғысты Өз мойнына алып, бізді Таурат заңы мәлімдеген қарғыстан құтқарды! Себебі Тауратта «ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады» деп жазылған». (Ғал. 3:13). «Жақыпқа қарсы ешбір сиқырлық жүрмейді, Исраилге қарсы сәуегейлік өтпейді!». (Руларды санау. 23:23). «Себебі Құдай Ие күн мен қалқанға ұқсайды, Жаратқан Ием рақым мен ұлылық сыйлайды, Ол тура жолменен жүретін адамдарды Сыйлайтын игіліктерінен құр қалдырмайды.» (Жыр. 84:11).
3. Егер сіз Құдайдан емес, өз мүмкіндіктеріңізден жұбаныш іздесеңіз, онда сіз бойыңыздағы қатерлі ісікті ысырап еткеніңіз.
Құдайдың сізге қатерлі ісікті жіберуінің жоспары сізге рационалистік, адами мүмкіндіктерді есептеуді үйрету емес. Бұл күнәкар әлем ондай адамдардың келіспеушіліктерінен жұбаныш алады. Бірақ мәсіхшілер емес. Кейбір ұлт мақтанады күймелерімен (өмір сүру көрсеткіші), Басқалар мақтанады тұлпарларымен (емделудің кері әсерлері), Ал біз мақтанамыз Құдай Иемізбен (Забур.20:7). Құдайдың жоспары Қорынттықтарға арналған 2-ші хатының 1:9-да айқын көрсетілген, «Жүрегімізде өлімге кесілгендей сезіндік. Бұл жайт біздің өзімізге емес, Құдайға ғана сүйене алуымыз үшін де осылай болды. Ол өлгендерді тірілте алады ғой». Құдайдың сіздің бойыңыздағы қатерлі ісігіңіздегі мақсаты, біз Оған толықтай сенім артуымыз үшін жүрегіміздің түбіндегі діңгекті жою.
4. Өлім туралы ойлаудан бас тартсаңыз, қатерлі ісігіңізді ысырап қылғаныңыз.
Иса Мәсіх жер бетіне қайтып келуін кейінге қалдыратын болса, бәріміз де өмірден өте береміз. Бұл жер бетіндегі өмірден кетіп, Құдаймен кездесудің қандай болатынын ойламау мүмкін емес. Бұл туралы Уағыздаушы 7:2 былай деп жазылған, «Жиын-тойға барғаннан азалы үйге барған артық. Өйткені өлім — барша адам баласын күтіп тұрған жайт. Тірілер мұны естерінде сақтап, соған лайықты өмір сүрсін!». Егер сіз бұл туралы ойламасаңыз, онда оны қалай жүрегіңізге жеткізе аласыз? Забур жырының 89:12 былай деп жазылған: «Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, Содан иемденейік дана жүректі». Ғұмырды есептеу өміріміздің күндері қаншалықты аз және тым қысқа екенін ойлау керектігін білдіреді. Егер сіз өлім туралы ойлаудан бас тартсаңыз, жүрегіңізде қалай даналыққа ие боласыз? Өлім туралы ойламасақ, өмірді құр бекер сүргеніміз ғой.
5. Егер сіз қатерлі ісік ауруын «жеңу» Мәсіхті қастерлеу емес, тірі қалудың жолы деп қана қабылдасаңыз, бойыңыздағы қатерлі ісігіңізді ысырап еткеніңіз.
Сіздің қатерлі ісігіңіздегі шайтан мен Құдайдың жоспарлары сәйкес келмейді. Шайтан сіздің Мәсіхке деген сүйіспеншілігіңізді жоюды жоспарласа, Құдай керісінше сіздің Мәсіхке деген сүйіспеншілігіңізді одан сайын арттырғысы келеді. Егер сіз өлсеңіз, қатерлі ісік сізді жеңе алмайды. Ал Мәсіхті жақсы көрмесеңіз онда оның, яғни қатерлі ісіктің сізді жеңгені. Құдайдың мақсаты — сізді күнәкар дүниенің әсерінен ажыратып, Мәсіхтің сүйіспеншілініне толтыру. Мұның барлығы сізге: «Мен Иеміз Иса Мәсіхті білудің теңдессіз құндылығы үшін бәрін жоғалтуға лайықпын деп санаймын» деп айтуға және сезінуге көмектесу үшін арналған. Сондықтан мына білу өте маңызды «Мәсіх — менің өмірім, ал өлім мен үшін ұтыспен тең» (Філіп. 3:8, 1:21).
6. Егер сіз қатерлі ісік туралы оқуға тым көп уақыт жұмсасаңыз және Құдай туралы оқуға уақытыңыз жеткіліксіз болса, қатерлі ісігіңізді босқа ысырап қылғаныңыз.
Қатерлі ісік туралы білудің еш жамандығы жоқ. Надандық ізгілік қасиетке жатпайды. Бірақ көбірек білуге деген құштарлық және Құдайды білуге деген құлшыныстың болмауы сенімсіздіктің белгілері болып табылады. Қатерлі ісік бізді Құдайдың шындығына оятуға арналған. «Ендеше Жаратқан Иені мойындап, Оны жақыннан танып білуге жан сала ұмтылайық! Ертеңгісін таң атпай қоймайтынындай, Жаратқан Иенің келуі де сондай шүбәсіз. Ол бізге игілікті нөсердей, жерді суға қандыратын көктемгі жаңбырдай сөзсіз келетін болады» (Ошия 6:3) деген өсиет сезім мен күшке ұласатындай етіп жазылған. Сонымен қатар Ол бізді Даниял 11:32-де, «Құдайға сенімділер нығая түсіп, оған қарсы тұрады» деп шындыққа көзімізді ашуға шақырады. Ол бізден мызғымас, тозбайтын емен ағашындай болуымызды шақырады: Қайта, ол Жаратқанның тәліміне қуанады, күні-түні сол туралы ойланады. Ол су жағасындағы ағашқа ұқсайды: Сол мерзімінде жемісін береді, жапырақтары кеуіп те сембейді, Не істесе де, ол табысқа жетеді (Забур. 1:2). Күндіз-түні Құдай туралы емес, қатерлі ісік туралы оқитын болсақ уақытты зая кетіргеніміз.
7. Қатерлі ісікке сүйіспеншілік пен қарым-қатынасыңызды тереңдетудің орнына сізді жалғыздыққа итермелеуіне жол берсеңіз, онда оны босқа ысырап еткеніңіз.
Епафродит Філіпілік қауымнан Пауылға сыйлықтар әкелгенде, ауырып, өлім аузынан қалды. Сонда Пауыл філіпіліктерге мына сөздерді айтты, «Ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенін қатты уайымдап, өздеріңді көруге құштар болып жүр» (Філіп.2:26-27). Қандай керемет жауап! Ол оның ауырғанына мұңаяды емес, оның ауырып қалғанын естіп мұңаяды деседі. Құдай қатерлі ісік арқылы жасауға тырысатын жүрек: адамдарға деген терең сүйіспеншілікке толы, қамқор жүрек. Өзіңізге терең үңілетін болсаңыз, қатерлі ісігіңізді ысырап еткеніңіз.
8. Үмітсіз адамдар сияқты қайғырсаңыз, қатерлі ісігіңізді ысырап қылғаныңыз.
Пауыл бұл сөзді жақындары қайтыс болғандарға қатысты қолданған: «Қымбатты бауырластар, үміті үзілген басқалар сияқты қайғырмауларың үшін сендерді бұ дүниеден қайтқан сенушілердің жағдайы туралы хабарсыз қалдырмаймыз». (Сал1.4:13). Өлімде қайғы бар. Тіпті қайтыс болған сенушіде уақытша жоғалтуды бастан кешеді – тәнін жоғалту, жақын адамдарын жоғалту және жердегі қызметін жоғалту. Бірақ қайғы дегеніміз басқа – онда үміт бар. «Содан жігерлі болып, осы тәнімізді тастап, Иеміздің қасында орнығуды қалаймыз. » (Қор2. 5:8). Еш үміті жоқ адамдар сияқты, қатерлі ісік ауруыңызды ысырап етпеңіз.
9. Күнәға бұрынғыдай бей-жай қарасаңыз, қатерлі ісігіңізді ысырап қылғаныңыз.
Қатерлі ісікке шалдыққанға дейінгідей күнәларыңыз бұрынғыдай тартымды ма? Егер солай болса, қатерлі ісігіңізді ысырап еткеніңіз. Қатерлі ісік күнәға деген тәбетті жоюға арналған құрал. Тәкаппарлық, ашкөздік, нәпсіқұмарлық, жеккөрушілік, кешірмеушілік, шыдамсыздық, жалқаулық, еріншектік – бұлардың барлығы қатерлі ісік шабуыл жасауы керек қарсыластар. Тек қатерлі ісікпен күресу туралы ғана ойламаңыз. Қатерлі ісіктің не нәрсемен күресетіні туралы ойланыңыз. Жоғарыда айтылып кеткендердің барлығы қатерлі ісіктен де күшті жаулар. Бұл жауларды жеңу үшін қатерлі ісіктің күшін жұмсамаңыз. Мәңгілік Иеміздің қасымызда болуының өзі күнәлардың күшін жойсын. «Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өзін жойып жіберсе, яки өзіне мәңгілік зиян келтірсе, бұдан оған не пайда?» (Лұқа. 9:25).
10. Егер қатерлі ісігіңізді Мәсіхтің ақиқаты мен даңқы туралы куәлік ету құралы ретінде пайдаланбасаңыз, онда оны ысырап еткеніңіз.
Мәсіхшілер ешқашан Құдайдың кездейсоқтығынан қандай да бір жерге тап болмайды. Сол жерде болудың өзіндік себептері бар. Исаның қайғылы, жоспарланбаған жағдайлар туралы не айтқанына назар аударыңыздар: «Ал осының бәрі іске аспастан бұрын жұрт сендерге Менің жолыма түскендеріңе бола зорлық көрсетеді. Олар сендерді қудалайды, мәжілісхана соттарына ұстап беріп, түрмеге салады және патшалар мен әміршілердің алдына апарады. Осылайша сендер Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар». (Лұқа. 21:12-13). Қатерлі ісік те дәл солай. Бұл куәлік берудің мүмкіндігі деп білерсіз. Иеміз Иса Мәсіх бұған шексіз лайық. Міне, Оның біздің өмірімізден де құнды екенін көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Бұл мүмкіндіктен құр қалып қалмаңыз.