Қармап Ұстау
Құдайдың ақиқаттарын мықтап ұстаңыз
Мен бір күні пәтерімде, үстел басында отырған кезде аса жағымсыз бір дыбысты естідім. Жоқ, далада ұрсысып, төбелесіп жатқан адамдардың немесе өте қатты ойнатылған музыканың шуын емес. Бұл шолп-шолп етіп тамшылап аққан судың дыбысы еді.
Жатын бөлмемді бір аралап шықтым. Еш жерде су жоқ сияқты. Жуынатын бөлмені де қарап шықтым. Онда да ештеңе жоқ. Мына дыбыс қайдан шығып жатыр екен?
Сөйтсем, су үстелімнің қасындағы терезедегі екі шынының арасымен ағып кіріп жатыр екен. Шалп, шалп, шалп.
Далада өте қатты жаңбыр жауып, су еденге сорғалап жатыр. Бұл мәселе тез арада шешілмесе, үйге үлкен зиян келмекші. Не істеймін? Өкінішке орай, бұл терезем балконға шықпайды. Әйтпесе балконға жүгіріп шығып, судың қалайша кіріп жатқанын оңай көре алар едім.
Алайда, жоқ, бұл терезем батысқа қарай шығады, одан құласам, үш қабат төмен ұшып барып, тас тротуарға соғылып мерт болмақпын. Ойбай, мынау бәле болды ғой!
Дегенмен мен бұл мәселені өзімнен басқа ешкім шешпейтінін жақсы білгенмін, өйткені бұл үйдің менеджері бірдеңені жөндеу жағынан өте баяу қимылдайтын жалқау еді. Сондықтан мен дүкенге жүгіріп барып, арнайы нығыздауыш материал сатып алдым. Пәтеріме қайтып келіп, үстелімнің үстіне шықтым. Сол кезде мен осы жұмысты (мерт болмай) табысты аяқтай алу үшін маған ішкі қабырғаны қатты ұстап тұру керек екенін түсіндім. Сөйтіп, терезеден сыртқа иіліп тұрып, тесіктердің барлығын бекітіп тастадым.
Сол қабырғаны бір саусақпен ұстағанда түк шықпас еді. Екі саусақпен ше? Жақсырақ, алайда міндетті түрде табысты болу үшін неге саусақтарымның барлығын қолданбасқа?
Сөйтіп мәселе шешілді.
Қабырғаны қатты ұстап, терезеден сыртқа иіліп тұрып жұмысты бітірдім.
Сіз рухани салада табысты болғыңыз келгендіктен осында келдіңіз деп үміттенеміз. Ондай болса, табысқа қалай жетеміз?
Бұдан басқа сұрақ туындайды – рухани жағынан жетілу саласын алсақ, сенушілер неліктен әр түрлі деңгейде болады?
Кейбір адамдар әрқашанда алдыда жүретін сияқты: олар басқаларды Мәсіхке әкеледі, күнәларынан біржола бас тартады. Қауымдарында тамаша жетекші болады. Өз бастарын Құдайға жақындатады.
Ал басқалар әрқашан тежеліп, рухани жағынан өспей, бес, он, он бес жыл бойы күнәларынан арыла алмай жүреді.
Олар тұрақсыз.
Олар сенімсіз.
Иса мәсіхшілерді алып кету үшін осы әлемге келген кезде жағдай қандай болмақшы? Иеміз біздің “рухани бұлшық еттерімізді” ойнатып тұрған Арнольд Шварцнеггер болып кеткенімізді көре ме?
Мұндай сенушілер әрқашан құлшынып, қауымда қызмет еткісі келіп тұрады. Сөйтіп, сенушілердің рухани деңгейлері неліктен әр түрлі болады? Біз өзіміздің рухани деңгейімді қалай өзгерте аламыз? Біз қалай дұрыс қалыпқа келіп, сол қалыпта қала бере аламыз?
Сөздің ауыспалы мағынасында біз өз “қолымыздан” әрі қарамауымыз керек. Қолды мен ғана емес, басқа сенушілер де мысал ретінде келтірген болатын. Сіз осы мысалды жақсы түсініп, оны дұрыс қолдансаңыз, өміріңіз өзгеретін болады.
Өйткені біздің алдымызда табысты мәсіхшілік өмірдің сыры жатыр. Осы өте қарапайым әрі таптырмас сипаттама-мысал сізге мәсіхшілік өміріңізде алдыға жылжи бастауға және тоқтамауға көмектесетін болады.
Менің достарымның біреуі адамдарға: “Құдайдың қолын жіберіп алдың ба? Оны қайтадан мықтап ұста!” – дейтін еді. Ол ылғи осылай айтып жүретін.
Мәсіхшілік өмірде Құдай жолын қалай мықтап ұстану керек екенін түсіндірейік.
Киелі кітаптағы рухани ақиқаттардың барлығын тікелей ішкі дүниеңізге қабылдаңыз және күнделікті өміріңізде пайдаланыңыз.
Бұл арқылы сіз біреуге әншейін сөйлейтін адамнан біреумен бірге жүретін адамға айналасыз. Сіз осы сипаттаманың қаншалықты құнды екенін менен жылдамырақ байқайсыз деп үміттенемін.
Сіз Киелі кітабыңызды ашқан шығарсыз.
Онда жазылғанның барлығы тамаша.
Оларды қарастыруға кірісетін уақыт келді!
————————————————————————————-
1-саусақ (кіші саусақ) – Құдай сөзін (Киелі кітапты) тыңдау.
Тімоте. 2-хат 4:2
Уағыз айтыңыз.
Өйткені сенушілер әрқашан жақсы уағыз тыңдау керек. Жағдай өте жақсы болғанда да, өте нашар болғанда да уағыз айтыңыз. Уағыз айту деген – адамдарға Киелі кітаптағы ақиқаттарды мұқият түсіндіру және адамдарды Киелі кітап бойынша өмір сүруге жігерлердіру болып табылады. Сонымен бірге уағыз айту бұрыннан бері мықты қауымның негізі болып келе жатыр.
Осы аптада достарымның біреуі маған қауым тарихы жайлы бір кітап оқып жүргені жайлы айтты. Сол кітаптағы негізгі ой мынандай екен: бүкіл тарихты алғанда, уағыз айтуға немқұрайлы қараған немесе оны тіпті елемей кеткен кезде қауымдар бірден әлсіреп кететін. Ал уағыз айтуға басты назар аударған қауымдар мықты болған, өйткені сенушілердің барлығы Киелі кітаптағы ақиқаттарды естіп жүруге тиісті.
Дегенмен Киелі кітаптан уағыз айтылған кезде біз осыған қандай серпіліс білдіреміз? Бірнеше жыл бұрын мен қауымдағы ақсақалдардың бірінен оның “мынабіреу уағыздаушы” немесе “анабіреу уағыздаушы” туралы не ойлайтынын сұрайтынмын. Осы ақсақал маған ылғы оғаш жауап беретін: “Ой, мына уағыздаушы 3 ұпай ғана алды, дегенмен 4 ұпай алатын шамасы бар. Ой, мына уағыздаушы тақырыпты дұрыс түсіндірмеді. Ала анабіреудің уағызын алсақ… мен басқаша істер едім”.
Осы адамның не істеп жүргенін байқадыңыз ба? Ол уағызды бірдеңе үйрену үшін, демек рухани азық алып, жарылқану үшін тыңдап жүрген жоқ. Ол сол уағыздарды өзінше сараптап, өзінің қалай уағыз айтатынымен салыстырып жүрді.
Ал Иеміз сол уағыздаушыларды Өзі жетелеп, оларға жаңағы ақсақал сияқты емес, одан мүлдем өзгеше уағыз айтуға түрткі салған шығар. Солай болуы мүмкін бе? Біз уағызды не үшін тыңдаймыз? Олар жайлы сын айту үшін бе? Уағыздаушының қаншалықты серпінді қимылдайтынына баға беру үшін бе? Немесе оның уағызынан қате табу үшін бе? Әлде Құдайдың сөзіндегі ақиқаттарды кіші пейілділікпен үйрену үшін бе?
Барлығымыз кейде фотоға түсеміз. Фотоларымыз бұлдыр немесе көріксіз болып шықса, ренжиміз. Уағызбен де дәл солай, егер біз оны дұрыс ниетпен тыңдамасақ, нәтижесі де дұрыс болмас.
Үйренуге деген ынта мен кіші пейілділікке ие болу жайлы неге мінажат етпеске? Киелі кітаптағы ақиқаттардың өмірімізге енгенін қаласақ, оларды дұрыс ниетпен тыңдауды үйренуіміз керек. Мен сәби болған кезімде жексенбі күні қауымда айтылған уағыздарды қатты ұнататынмын. Олар тамаша болған. Осы уағыздарға бола жексенбі күні қауымға асығатынмын. Дегенмен, сәрсенбі күніне дейін рухани өмірімнің “жанармайы” таусылып қалатын.
Өйткені жақсы уағызды тыңдау ғана өміріңізде жеткіліксіз. Оны тыңдағаныңыз өте маңызды болғанымен, басқа нәрсе де қажет. Бұны білу үшін 2-саусаққа қарайық.
————————————————————————————————-
2-саусақ: Киелі кітапты оқу.
Аян 1:3
Мұнда екі саусақтың бар екенін байқадыңыз ба? 1 және 2
Тыңдау мен оқу.
Киелі кітапты оқу бізге естігенімізді жүрегімізге мықтырақ орнықтыруға көмектеседі.
Мұндағы уәденің Аян кітабына негізделгенін байқаңыз. Дегенмен сізге Киелі кітаптың басқа жерлерінен жарылқауларды іздеудің қажеті жоқ. Сіз Аян кітабындағы осы аятты көрген кезде Киелі кітабыңызды қауымға өзіңізбен бірге алып келудің пайдалы екенін түсінесіз. Бұл сіздің рухани біліміңізді тереңдетеді.
Алайда тоқтай тұрыңыз. Иса Өзінің жауларына қандай сөздерді қайталап айта берді? Ол олардан: “Киелі жазбадан осыны оқыған жоқсыңдар ма?” – деп сұрады. Иеміздің жаулары, әрине, Киелі жазбаны оқыған, өйткені олар Киелі жазбаның сарапшылары болып саналған болатын.
Ондай болса, Иса неге бұлай сұрады? Өйткені Оның жаулары Киелі жазбаны дұрыс ниетпен оқымаған болатын. Олар оны оқыған кезде өздерінің жалған нанымдары мен қате ұғымдарынан арылмаған еді. Мұндай жағдай бізбен де болуы мүмкін.
Біз Киелі кітапты ашқан кезде азғырылуымыз мүмкін. Біз оны: “Жарайды, Құдайым. Мені жарылқай гөр. Мені не үшін қолданғың келетініңді айтшы. Маған бір жақсы нәрсе көрсетші”. Мұндай мінажаттарда “Мен, маған, мені” деген көп айтылады..
Біз бұларды “Жарайды” деп басталатын мінажаттар деп атай аламыз.
Дегенмен сіз әр күні Киелі кітапты ашқан кезде жақсырақ мінажат ете аласыз. Мұндай мінажатта сіз: “Ием, маған Өзің жайлы көбірек үйрете гөр. Сенің қандай екеніңді көбірек түсінуге көмектесе гөр. Маған Өзіңнің ұлылығыңды көрсетші. Сені танып білуге көмектесе гөр!”, – деп сұрай аласыз.
Мәсіхшілердің арасындағы ең кең тараған әрі ең тұрақты мәселе, сірә, олардың рухани өсуінің баяулығы болар. Неліктен көптеген адамдар Исаны қабылдағаннан кейін көптеген жылдар өтсе де, сол ең алғашқы қалпында қала береді? Мәсіхшінің рухани жағынан мықты не осал болғаны оның Құдайға қаншалықты жақын болғанына және Оны қаншалықты танып білгеніне байланысты.
Біз Құдаймен қарым-қатынасымызды сүйіспеншілікке емес, заңға негіздеуге қатты азғырылуымыз мүмкін. Демек, біз Құдайға әншейін сотшы ретінде қараймыз. Ол біз үшін бұдан басқа ешкім емес.
Қазіргі заманда кейбір адамдар үшін мәсіхші болу деген Иса Мәсіхті Құтқарушы ретінде қабылдаумен ғана шектеледі. Яғни, осы қадамнан кейін мұндай адамдар рухани өсуге немқұрайлы қарайды. Бұл жағдай некемізді әншейін некелесу рәсімімен ғана шектеп, жұбайымыз бен арамыздағы қарым-қатынасты ойламай кетумен тең.
Мойынсұнуға және дәріптелуге лайықты Құтқарушымызбен күнделікті бірге жүрудің орнына біз Одан қалайша алыстап кеттік?
Ал негізінде жағдай мынандай: біз Құдаймен жеке қарым-қатынаста бола тұра Ол жайлы білімімізді неғұрлым тереңдете берсек, соғұрлым мәсіхшілік өмірімізде алдыға жылжи беретін боламыз.
Біз Құдайды күнделікті өмірімізде қаншалықты анық көрсек, соншалық рухани өсеміз. Біздің назарымызды Құдайдан мыңдаған нәрселер тартып әкете алады. Дегенмен бойымызда Құдайдың даналығы болса, біз еш тапжылмай мұндай нәрселердің барлығын ысырып жіберіп, Патшалардың Патшасына жүрегіміздің төрінен орын беріп, Онымен уақыт өткізетін боламыз. Демек, біздің серпілісіміз осы тапсырмада қаншалықты табандылық танытқанымызға байланысты болмақ.
Біз ақылы кем адамды көрсек, оған жанымыз ашиды. Дегенмен рухани жағынан алғанда, біздің де ақылымыз кем, өйткені Құдайды тануға тиісті уақыт арнамай жүрміз. Бұның осылай болғанына кімді кінәлаймыз?
Кейбір адамдарға бұны есту ұнамайды, алайда бұл шындық және біз өзімізге тиісті шаралар қолдануға тиістіміз.
Қолыңыздағы Киелі кітапта ғажайып қазыналар бар.
Олар сізді күтуде, сондықтан барып алыңыз.
————————————————————————————————-
Жарайды, біз енді Киелі кітапты қатты ұстап, оны оқи бастауға дайынбыз –
Біріншіден тыңдау керек.
Екіншіден оқу керек.
——————————————————————————————-
Енді 3-саусаққа келдік: Зерттеу
Тімоте. 2-хат 2:15
Бұл аятта сізге арналған бір ескерту бар: біз бір күні Құдайдың алдында тұрғанда өзіміздің Киелі кітапқа немқұрайлы қарағанымыз үшін қатты ұялуымыз мүмкін.
Киелі кітапты өз өмірімізде немесе оны басқаларға түсіндірген кезде өзгерткен, бұрмалаған немесе оны арам ниетпен пайдаланған болсақ, бұлардың барлығы Құдайға мәлім болмақ.
Сіздің ана тіліңізде де “дұрыс бөлу”, “байқап қолдану”, “дұрыстап қолдану” немесе “туралап кесу” деген сөздер ағаш ұсталығына, кірпіш қалауға немесе көркем оюға қатысты шығар.
Бір құрылыс аяқталған кезде жұмысшылардың барлығы жасалған нысанға қарап өздерінен: “Хм, мынау түзу тұр ма? Мынау тура келіп тұр ма?” – деп сұрайды.
Құдай да бір күні бізден Киелі кітапты қалай пайдаланғанымыз жайлы сұрамақшы. Біз оны дұрыс қолдандық па? Әлде Құдайдың сөзін оңдырмай бұрмалап жүрдік пе? Киелі жазбадағы ақиқаттарды іс жүзінде мұқият пайдаланып, оларды басқаларға дұрыс үйреттік пе? Бұл ескерту Киелі кітапты досына түсіндірмекші болған әр ата-анаға, жастармен жұмыс істейтін әр қызметкерге және әрқайсымызға қатысты.
Мен сабаққа бір құты алып келген мұғалім туралы шын болған әңгіме естіген едім. Сол мұғалім құтыны барлығына көрінетін орынға қойған екен.
Мұғалім негізінде медициналық студенттерге мұқият бақылаушы болудың маңыздылығын үйретіп жүрген болатын. Ол жаңағы құтыны қолына алып, студенттеріне былай депті: “Бұл құтыға сарапталуға тиісті үлгі құйылған. Көбіне пациенттердің қандай аурумен ауырғанын осындай үлгінің дәмін көріп айтуға болады”.
Осылай айтқаннан кейін мұғалім саусағын құтының ішіндегі нәрсеге бір малып алып, саусағын аузына салды. Кейін құтыны студенттерге беріп, барлығынан дәл солай істеулерін сұрады.
Бірнеше қатарда отырған студенттердің барлығы кезекпен саусақтарын құтыға малып, ауыздарына салды. Олар құтыны мұғалімге қайтарғаннан кейін мұғалім оларға былай деді: “Студенттерім, сендер мұқият бақылаушы болуды әлі де үйренуге тиістісіңдер. Егер сендер менің не істегеніме зейін салып қарағандарыңда, менің құтыға бір саусағымды, ал аузыма басқа саусағымды салғанымды байқар едіңдер”.
Менің не айтқым келгенін түсіндіңіздер деп үміттенемін.
Біз адамдардың: “Мен осы Киелі кітапты түсіне алмай қойдым. Ондағы айтылғанның барлығы түсініксіз”, – деп жүргенін жиі естиміз.
Мұның бір себебі мойындалмаған күнә болуы мүмкін. Тағы басқа бір себеп бар.
Жалқаулық. Киелі кітапты оқыған кезде ондағы мәліметті мұқият бақылаудан бас тарту.
Сенуші Құдайдың сөзін оқыған кезде міндетті түрде ойлану керек. Көзіңізді ашып, өзіңізді жағдайлар мен оқиғаларды бақылауға жігерлендіріңіз. Тергеуші сияқты белгілер мен шешімдерді іздеңіз. Айғақ пен дәлелерді сараптаңыз. Неғұрлым көбірек білуге тырысыңыз.
Киелі кітаптан Исаны көргенде Оның сіз үшін адамдардың барлығынан көп игілік жасағанын есіңізге түсіріңіз. Исаның айқышта қиналғанын көргенде, Оның мойнына жүктелген өз күнәларыңызды байқамайынша айқышқа қарап тұрыңыз. Оның денесінен тамшылаған қанды көргенде бұның сіздің күнәларыңыз үшін берілген мінсіз құрбандық екенін түсінбейінше Оған қарап тұра беріңіз.
Иеміз: “Соңымнан ер!” – дегенде Оның бұны дәл сізге айтып тұрғанын түсінбейінше Киелі кітаптағы бетті аудармаңыз.
Барлық егжей-тегжейді білуге құштар болыңыз. Сонда сіздің рухани өміріңіз түбегейлі өзгеретін болады.
Менің бір жақсы мәсіхші досым бар. Ол бірдеңені түсіндіргісі келген кезде сөзін әрқашан: “Киелі кітапта былай айтылған емес пе?” – деп бастайды.
Сонымен, егжей-тегжейді білуге құштар болайық.
Киелі кітаптың қай жерінде былай немесе солай айтылған? Сол аятты тақылдап айтып беретін болыңыз. Сілтемесін де жақсы біліңіз. Барлығын дұрыс істеңіз.
Біз Құдайдың бізге тапсырған Киелі кітабын қаншалықты мұқият оқимыз? Құдай бір күні бізді мақтайтындай деңгейде ме?
————————————————————————————————-
4-саусақ – Құдай сөзін жаттау
Бірнеше апта бұрын мен жақын достарымның біреуін Киелі кітаптағы аяттарды жаттауға жігерлендірген едім. Ол маған: “Жарайды, жаттасам, жаттайын. Дегенмен бұл маңызды нәрсе емес”, – деді. Мен сол кезде қатты айқайлап жібергім келді. Мұндай сұмдық ой оған қайдан пайда болған?
Бұл досым нәпсіқұмарлықтың, тәкаппарлықтың және жалқаулықтың бұғауында жүр. Бұны маған өзі айтты. Ол Құдайдың оны сүйетініне жиі күмәнданады. Жалпы айтқанда, ол бақытсыз адам.
Және ол аят жаттауды мәсіхшілік өмірдің маңызды бөлігі деп санамайды.
Енді Рим. хат 12:2-аятқа қарайық.
Бұл өте маңызды аят. Сіз оны өз Киелі кітабыңыздан тауып, астын сызып қойдыңыз деп үміттенемін.
Жаңарту (немесе жаңару) деген тамаша сөз. Осы мәтіннің грек тіліндегі түпнұсқасында “metamorphosis” (метаморфозис) деген сөз “түбегейлі өзгеру” дегенді білдіреді. Бұл жерде балаңқұрттың көбелекке айналуын мысалға келтіруге болады.
Иса да бір күні шәкірттерімен таудың басына шыққан кезде өзгерген болатын. Киелі кітапта бұл оқиға “Мәсіхтің Патшалық салтанатымен көрінуі” және “Оның өзгеріске түсуі” деген сөздермен сипатталған. Бұл сөздердің барлығы басқа қалыпқа өзгеруді білдіреді. Балаңқұрт көбелекке айналады, ал Иса биік таудың басында шәкірттерінің көзінше өзгерген кезде Оның беті күндей жарқырап, киімі аппақ сәуле шашты.
Иса Мәсіхтің соңынан ерген адаммен де дәл солай болады. Мәсіхші үшін өзгеру – Исаға ұқсас болуды білдіреді. Демек сіз Киелі Рухқа өміріңізде жарқырауға жол бересіз. Сөйтіп, сіз әншейін көруші ғана болмай, Құдайдың Патшалығын құруға белсенді қатысатын боласыз.
Жаңарған сенушілер шытырман оқиғалы әрі тәуекелді өмір сүруге ұмтылатын болады. Жаңарған сенушілер осы әлемнен емес, Құдайдан мақұлдау күтеді. Жаңарған сенушілердің құндылықтар жүйесі олардың достарының көзқарасынан мүлдем өзгеше болады. Жаңарған сенушілер бірінен екіншісіне ұшып қонып жүрмейді, олар ең маңызды нәрсені жасауға, демек Құдайға қызмет етуге құштар болады. Жоғарыдағы аят бойынша, осындай сенушілердің ой тілектері Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерген.
Қыс келген кезде біз жолмен жүрген көліктердің бір телімнен басқа телімге сырғанағанын көргенде қатты шошып, ойбайлаймыз.
Дегенмен жол бойындағы қоршау көлігімізді төменге қарай тоғанға немесе сайға түсіп кетуден сақтайды.
Шайтан бізге шабуыл жасаған кезде біз де солай “сырғанаймыз”. Құдаймен бірге жүретін жолымыздың бойына қоршау салмасақ, онда ұшып барып, тоғанға құламақпыз.
Жас мәсіхші болған кезімде бір сынаққа түскен сайын мен біріншіден Құдайдың өзімді сүйетініне және Оның игі екеніне дереу күмәндана бастайтынмын. Сөйтіп есеңгіреп, тоғанға бір-ақ түсетінмін. Мен Құдайдың сүйіспеншілігі мен ізгілігі жайлы аяттарды жаттай бастағаннан кейін ғана жолымның бойына қоршау салғандай болдым.
Енді бір нашар жағдай болған кезде мен дереу Құдайдың сүйіспеншілігі мен ізгілігі туралы ақиқаттарды ұстанамын, өйткені шайтан оларды менің өмірімнен ұрлап алып кеткісі келеді.
Мен Киелі кітаптан аяттар жаттаған жағдайда да өміріме қиыншылықтар келеді, бірақ осы аяттар мені апатқа түсіп жойылудан сақтайды.
Өзінің нәпсіқұмарлыққа және басқа да күнәларға кіріптар екенін мойындаған досым да өмір жолына қоршау салуға тиісті.
Адам түңіліп кетуге азғырылған кезде бұл сынақ өте үлкен бола алады – ол “Тарс!” еткен соққыдай келеді, дегенмен сондай сынақ жайлы аяттар бізге Құдайдың жолында қала беруге көмектеседі.
Ал біз: “Осы жайлы Киелі кітаптың бір жерінде айтылған, саған сол үзіндіні көрсетейінші, ойбай, ол қай жерде еді, таба алмай тұрмын…” – дейтін болсақ, онда Мәсіх жайлы куәлігіміз қаншалықты тиімді болады дейсіз?
Немесе сіз түңілген біреуді жігерлендірмексіз дейік. Осындай адамға: “Еңсеңіз түсіп кетіпті ғой. Киелі кітапта сіздің рухыңызды көтеретін бір тамаша аят бар. Соны сізге тауып берейін. Ойбай, ол қай жерде еді? Ұмытып кеттім!” – дейсіз… Мұндайдың болып тұратынын мойындаңыз. Аяттар жаттауға негізгі кедергі болатын не екен? Біздің жалқаулығымыз.
Сіз бір аятты жаттап алғаннан кейін біраздан соң өзіңізден: “Хм, бұл аят маған көмектесті ме? Ол маған қай жағынан пайдалы болды екен?” – деп сұрауыңыз мүмкін. Абыржымай-ақ, қойыңыз. Мұндай жағдай жалғыз сізбен ғана емес, қауымыңыздағы басқа сенушілермен де болады! Рухани қоршау біздің өмірімізде әрқашан бар болуға тиіс. Қазір өміріңізде қиыншылықтар жоқ болғанымен, олар кенеттен пайда болуы мүмкін, сондықтан оларға даяр болыңыз.
Ой-тілектері жаңартылған адамның санасы Киелі жазбадағы аяттарға толы болады. Мұндай адам сынаққа тап болған кезде тиісті аяттағы ақиқаттан мықтап ұстанып, Құдайдың жолында қала береді.
Осы әлемнің халі күннен күнге мүшкіл болып барады. Ондай болса, біз Құдайға санамызды жаңартуға мүмкіндік беріп, осындай болашаққа даярланып жатырмыз ба?
Сөйтіп біз Киелі кітаптағы ақиқаттарды ұстану үшін қажет төрт саусақты қарап шықтық –
Тыңдау
Оқу
Зерттеу
Жаттау
Енді ең соңғы 5-саусақты қарастырайық –
————————————————————————————————-
Ойланып-толғану Ешуа 1:8
Егер біреу сізге: “Мен ойланып-толғанып отырмын”, – десе, сіз сол адам түңіліп уайымға салынғандықтан солай істеп отыр деп дереу ойларсыз. Сондай-ақ, “ойланып-толғану” деген ағылшын тіліне “meditate” деп аударылады. Бұл сөзді естіген адамдар тіпті көз алдына трансқа түскен және ‘хм-хм-хм-хм-хм’ деп міңгірлеп отырған фанатикті (немесе шығыс елдердің бір дініне кіріп кеткен біреуді) елестетеді. Көрдіңіз бе? Шайтан мәсіхшілердің өміріндегі осы баталы және маңызды әрекеттің мағынасын қаншалықты бұрмалап жіберген!
Ешуа 1:8-аятқа қараңыз
Сіз Құдайдың бір күні басыңыздан сипап, сізге: “Жақсы еңбек еттің, балам. Сенің өміріңді ‘табысқа жеткен’ деген тізімге қосайын!” – деп айтқанын қалайсыз ба?
Құдайдың сізге осы аятта беріп тұрған уәдесі осындай, алайда сіз “5-саусақты” өміріңіздің бір бөлігіне айналдыруға тиістісіз.
Сонымен ойланып-толғану деген нені білдіреді?
Мұның мағынасы мынандай: Киелі кітаптан бір немесе бірнеше аятты оқып, ол туралы терең ойланыңыз. Өзіңізден бұл аяттың нені білдіретінін сұраңыз. Ол сізге Құдай туралы не айтады? Сіздің өміріңіз осы аятқа бола қалай өзгеруге тиісті? Осы аяттың мағынасы жайлы мінажат етіңіз. Ол туралы көбірек ойланыңыз.
Сіз осы аятта айтылғанды орындап жүрсіз бе? Бұл аятқа мойынсұнуыңызға қандай нәрсе бөгет болып тұр? Кім осы аят жайлы жақсы үлгі болып табылады? Құдай осы аятты Киелі кітапқа не үшін қосты?
Демек, сіз Киелі кітаптан бір аятты аласыз да, ойыңызға келген сұрақтарыңызбен және мінажаттарыңызбен оған “шабуыл жасайсыз”. Осы арқылы бұл аятты өміріңізге тартып енгізесіз.
Қазіргі заманда біз неліктен сенушілердің аяттар жайлы ойланып-толғанғаны жөнінде соншалықты аз естіп жүрміз? Компьютер және басқа да әр түрлі күрделі құралдар қолданып жүрген бүгінгі буындағы мәсіхшілер асықпай ойланып-толғануды қазіргі заманға сәйкес емес әдет деп санайды. Дегенмен, Киелі кітаптың тұрғысынан қарағанда біздің мұндай ниетіміз мүлдем дұрыс емес.
Рухани жетілуге апаратын жылдам жол жоқ. Ойланып-толғану да асығып істейтін іс емес.
Мен егін жинайтын кез келген сайын ерекше пісірілген ет жеймін. Осыған бола елімдегі Егін мейрамын қатты ұнатамын және оны асыға күтемін. Мұндай ет жұмсақ әрі шырынды болады.
ШІРКІН-АЙ! СОНДАЙ ДӘМДІ!
Бұл ет баяу пісірілгендіктен сондай дәмді болып шығады. Оны пісірген кезде ішіне қандай тұздық сіңіп кетеді екен? Қанша бөлік жегенімді сіздерге айтуға ұяламын. Алайда үстел басында бірге отырған жасөспірімдер мен өзіме ет салған сайын осыны қатты дауыспен жариялап отырады.
Сіз ойланып-толғанған кезде Құдай сөзінің майы жүрегіңізге сіңіп, оны жұмсартады. Киелі кітаптағы ақиқаттарға бүкіл өміріңізге сіңуге жол беріңіз. Құдай сөзі өміріңіздің әр түпкіріне дейін барсын. Сонда бойыңызда өзіңіз тіпті күтпеген өзгерістер пайда болып, Мәсіхке ұқсай бастайсыз. Сіз Құдайдың құралына айналасыз.
Осылай істеп көріңіз, сонда міндетті түрде өзгересіз.
Біздің Киелі кітаптағы ақиқаттарды мықтап ұстануымыз осы әлемдегі барлық нәрседен маңызды болуға тиісті. Әлемдік ықпалдың қандай болса да түрі бізді Киелі кітаптан алаңдатпақшы болған жағдайда, біз мұндай ықпалға төтеп беруге даяр болуымыз керек. Демек, біз өзімізді Құдайдан алыстататын нәрселердің барлығынан бас тартуға тиістіміз.
Біз болашақтағы жағдайымызды жақсартқымыз келсе, онда қазір Киелі кітапты зерттеуге неғұрлым көбірек уақыт арнауымыз керек.
Көп жылдар бұрын талай тамаша (және жақсы сатылған) кітаптар жазған бір автор өмір сүріпті. Бір күні ол колледжге, әдебиет саласында жұмыс істемекші болған студенттердің сабағына сөз сөйлеуге шақырылыпты. Аудитория толы болды. Студенттердің барлығы мұндай керемет жазушымен жүздесуге қуана келген еді.
Жазушы орнынан тұрып, студенттерден: “Араларыңдағы нешеулерің шынымен жазушы болмақсыңдар?” – деп сұрады. Студенттердің барлығы қолдарын көтерді. “Ондай болса, сендерге мынандай кеңес беремін: үйлеріңе барыңдар да, жаза бастаңдар”, – деп айтыпты Льюис.
Содан соң қағаздарын қалтасына салып, шығып кетіпті.
Сол студенттердің ешқайсысы бұны ешқашан ұмытпас деп ойлаймын.
Мұндай жағдайда не керек екені анық болып тұр. Бірдеңе істеуді үйренгің келсе, соны істеу арқылы үйренесің. Сол туралы сөйлей беруден ешқандай пайда жоқ. Бұл ақиқат мәсіхшінің өміріне де қатысты. Біз Құдайдың сөзіне мойынсұнуымыз керек, әншейін сөйлей бергеннен түк те шықпайды.
Иса қайтып келгенде бізді қандай күйімізде табады?
Ол біздің мыналардың барлығын орындап, Киелі кітап шеберлеріне айналғанымызды көре ме?
Құдай сөзіне негізделген уағыз тыңдау
Құдай сөзін оқу
Құдай сөзін зерттеу
Құдай сөзін жаттау
Құдай сөзі жайлы ойланып-толғану
Барлық мүмкіндіктерді толық пайдаланатындай деңгейге жету
Біздің өміріміз шынымен жаңарып, айналамыздағы көптеген адамдардың Оған келуіне себепкер болды ма?
Құдай сөзін тыңдаңыз
Құдай сөзін оқыңыз
Құдай сөзін зерттеңіз
Құдай сөзін жаттаңыз
Құдай сөзі жайлы ойланып-толғаныңыз.
Мен осы Киелі кітапты бір саусағыммен ғана ұстап тұрсам, сіз оны менен өте оңай алып аласыз? Мен оны екі саусағыммен ұстап тұрсам, сізге оны алып алу сәл қиынырақ болады. Үш саусақпен – одан да қиын. Ал бес саусағыммен ұстасам, онда оны ешкім тартып ала алмас.
Құдай жеңеді. Ал сіз жеңілесіз.
Шайтан осы кітапты жүрегімізден де, санамыздан да алып тастағысы келеді.
Біз осы кітапты бес саусағымызбен ұстасақ, шайтан жеңілетін болады. Құдай өмірімізде жеңімпаз болады.
Сонымен, біздің мақсатымыз қандай?