аят жаттау
Енді Киелі жазбаны жаттау саласындағы “тамырды” қарастырып, оны тереңірек түсінуге тырысайық.
Егер сіз Киелі кітаптан арнайы іздейтін болсаңыз, онда Құдай сөзіндегі аяттарды жаттаудың неліктен маңызды екенін түсіндіретін кем дегенде 12 себеп табасыз.
- Киелі жазбаны жаттау маңызды, өйткені біз Сөз бізден тартып алынатын жағдайға даяр боламыз. Амос 8:11.Орталық Азиядағы жиырма жастан асқан бір жас жігіт Киелі жазбаны неге жаттау керек екенін ұқпайтын,алайда сақшылар мәсіхшілік кітаптардың барлығын тәркілей бастағанда бұл жігіт аяттарды жатқа білудің қадірін түсінді, өйткені ол Құдай сөзі кез келген уақытта, кез келген жерде пайдалана алды. Және бұны одан ешкім тартып ала алмайтын болған.
Сіз сеніміңізге бола ешқашан тұтқындалмайсыз деп үміттенемін. Бірақ тұтқындалған жағдайда жатталған аяттар сізді құтқаратын болады, өйткені олар жүрегіңізге тыныштық береді, ойларыңызды жұмылдырып, келесі қадамыңызды көрсететін болады. Даяр болыңыз! Аяттарды қазір жаттай бастаңыз!
Сонымен бірге, сақшылар Киелі кітабымызды тартып алмаған жағдайда да ол кейде қолымызда жоқ болуы мүмкін. Мысалы, біз базарға немесе досымыздың үйіне қонаққа барған кезде. Ал аяттар жаттаулы болса, біз оларды Ізгі хабар тарату немесе адамдарды жігерлендіру үшін кез келген кезде тиімді қолдана аламыз. Бұны да алдын ала жоспарлаңыз!
- Құдай Оның сөзін жаттағанымызды ұнатады.
Заң. Қайталау 6:5-9. Егер біз Құдай сөзін балаларымызға және басқа адамдарға үйретпекші болып, мүмкіндіктердің барлығын пайдаланғымыз келсе, онда аяттарды жадымыздан кез келген кезде “суырып алып”, дереу бөлісе алуымыз керек. Біз жатталған аяттарды әр күні сөзімізге қосып, барлық жағдайларда қолданатын болсақ, онда қандай тамаша мұғалім болмақпыз! Бұл әдетіміз өмірімізге де игі ықпалын тигізетін болады.
- Киелі жазбадағы аяттарды жаттау бізді тазартып, күнәдан аулақ жүруге көмектеседі. Забур жыры 118:9-11 Көптеген жастар кейде қатты азғырылып сыналады, алайда күнә жасамайды, өйткені жатталынған аяттар оларды күнәлы жүріс-тұрыстан сақтап жүреді. Киелі жазбадағы аяттарды жас мәсіхшілер де, үлкенірек мәсіхшілер де жаттап жүру керек. Теледидарда көп әдепсіз нәрселер көрсетіледі, кейбір әндердің сөздері нашар болады, порнография да талай адамдарды еліктіреді. Сондықтан таза жолмен жүру үшін барлығымыз Құдай сөзін жаттауға тиістіміз.
- Киелі жазбаны жаттау бізге Мәсіхке ұқсауға және шайтанды жеңуге көмектеседі. Матай 4:4, 7, 10 – Бұл жерде Иса шайтанмен айқасады. Иса қалайша жеңіп шықты? Осындай мықты сынаққа қалай төтеп берді? Өйткені Ол Құдай болған. Дегенмен Ол барлығымызға Киелі жазбаны жаттау жайлы жақсы үлгі көрсетті. Исаның заманында еврей ұл балалар кейде бүкіл Көне келісімді жаттап алатын. Осы үзіндідегі аяттарға қарағанда Иса да дәл солай істеген сияқты. Шайтан Исаны азғырып сынаған кезде Иеміз оған: “Хм, маған ойланып алуға бір апта бересің бе?” – деді ме? Жоқ! Иса үш рет жауап бергенде сөзін: “(Киелі кітапта) былай деп жазылған ғой!” – деп бастап аяқтаған болатын. Демек, Ол Киелі жазбаны жатқа білген.
Шынын айтайық. Шайтан бізді азғырып сынаған кезде біздің өміріміздегі ең әлсіз салаларды таңдайды. Бұл таңғаларлық нәрсе емес. Біз де өзіміздің әлсіз жақтарымызды жақсы білеміз. Сондықтан, осындай шабуылдарға төтеп беру үшін біз оларға қатысты аяттарды жаттауға тиістіміз. Әлсіз жағыңыз ашуланшақтық болса, онда осы жаман қылық туралы аяттарды жаттаңыз. Әлсіздігіңіз нәпсіқұмарлық болса, онда нәпсіқұмарлыққа қатысты аяттарды жаттаңыз. Әлсіздігіңіз ашкөздік болса, онда ашкөздікке қатысты аяттарды жаттаңыз. Барлығын алдын ала жоспарлаңыз!
- Киелі жазбаны жатқа білу бізге әр түрлі игі істерге даярлануға көмектеседі. Тімоте. 2-хат 3:16,17 – Біз Құдайға қызмет етуге даяр боламыз, өйткені Киелі жазбаны жаттап, соны пайдалансақ, рухани өсіп, Мәсіхке ұқсайтын боламыз. Сонда біздің өміріміз айтқан сөзімізге сәйкес болады. Сондай-ақ, біз басқаларға Мәсіхті қалай қабылдау, мәсіхші ретінде қалай өмір сүру және мәселелерді қалай шешу жайлы қажетті кеңес пен хабар бере алатын боламыз.
- Киелі жазбаны жатқа білу біздің мінажаттарымызды тиімді етеді.
Жохан 15:7 – Құдай сөзіндегі аяттар ой-санамызға сіңіп, біз оларды түсініп, оларға мойынсұнсақ, біздің мінажаттарымыз Құдайдың еркіне сай болады және Құдай оларға жауап береді. Және біз мәсіхшінің өмірінде орынсыз болып табылатын нәрселер үшін мінажат етіп, уақытты босқа кетірмейтін боламыз.
- Біз Киелі жазбаны жатқа білсек, онда Құдайдан өзіміздің табысты болатынымыз жайлы уәде алмақпыз. Ешуа1:8 – Тоқтай тұрыңыз! Менің таныстарымның арасында аяттар жаттап жүрген сенушілер де бар. Алайда олар қымбат әрі әдемі үйлерде тұрмайды, қымбат әрі әдемі көлік жүргізбейді ғой! Олар сондай “табысты” емес сияқты. Осы әлемдегі табысты (байлық, билік, жоғары лауазым) Құдай беретін табыспен (Құдаймен және басқалармен жақсы қарым-қатынаста болу, жан тыныштығы, күнәны жеңу, Киелі Рухтың жемістеріне толы ағыл-тегіл өмір) шатастырмаңыз. Біз Құдай сыйлайтын табысқа ие болғымыз келсе, онда жатталған аяттар бізге неге назар аудару керек екенімізді көрсетеді. Сонымен бірге Құдай сөзі бізге қажетті қорғаныс пен жігер береді және тиісті мақсаттарды ұсынады. Көктегі Әкеміз осылар арқылы біздің қаншалықты табысты болғанымызды бағалайтын болады.
- Исаның елшілері бізге аяттар жаттау жайлы үлгі көрсетеді. Елшілер. істері 2:16-21 және 25-28.Бұл үзіндіде Петірдің ең маңызды сөздерінің бірі келтірілген. Ол бұл сөзіне не қосты? Өзі Көне келісімнен жаттаған үзінділерді. Біз маңызды шараларға (мысалы, үйлену тойына немесе жерлеуге) қатысқан кезде өзімізге басқа адамдардың алдында сөз айтуға мүмкіндік берілсе, онда Петірден үлгі алып, сөзімізге Киелі жазбадан тиісті аяттарды қосқанымыз дұрыс болады.
- Киелі жазбаны жатқа білу біздің рухани қызметімізді тиімді етеді. Еврей. хат 4:12 – Екі жүзді семсер негізінде қорқынышты әрі мықты қару болып табылады. Ал оны арнайы дайындықтан өткен жауынгер қолданса, бұл қару одан сайын үрейлі болуы мүмкін. Сіз Киелі жазбаны жаттағандықтан осындай семсердің санаңызда (рухани мағынада) бар болғанын көз алдыңызға елестетіңіз. Сіз осы екі жүзді семсермен алдыңызда пайда болатын жалған ұғымдарды, өтіріктерді, рухани түнек пен тұманды жоя алатын боласыз және Құдайдың құдіретіне жүгініп, мұқтаж адамдарға Оның сүйіспеншілігі жайлы айтасыз. Санаңыздағы осы екі жүзді семсер қаншалықты өткір екен?
- Киелі жазбаны жатқа білу сізге дұрыс бағыт береді.
Нақыл сөз. 6:20-23 – Уақыт деген бағалы нәрсе және жылдам өтеді. Өміріміз де зымырап өтіп барады. Біз Құдайға уақытымызды жоспарлауға мүмкіндік беріп жүрміз бе? Әр күні Ол үшін бірдеңе істеуге тырысамыз ба? Оны өз өміріміздің ең жақсы “менеджері” деп санаймыз ба?
- Киелі жазбаны жатқа білсек, жүрегіміз Құдай үшін жалындап жанатын болады. Лұқа 24:32. Бұл әлемге осындай сенушілер қажет. Олар Құдайға толық беріліп мойынсұнады. Олар Құдайды шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, барлық ақыл-ойымен сүйеді және Аспан Патшалығы жайлы айту үшін тәуекел етуге дайын болады. Санамыздағы жатталған аяттар осының барлығын біз үшін және Құдайдың даңқы үшін істейді. Сондықтан жүрегіміздің Құдайға жалындауынан басқа ештеңені көздемейтін болайық.
- Киелі жазбаны жаттау – санамызды жаңартудың ең тиімді жолдарының бірі. Рим. хат 12:2. Осы аятты мұқият оқып шығыңыз. Жаңарту (немесе жаңару) деген сөз негізінде Киелі кітаптың түпнұсқасындағы “metamorphosis” (метаморфозис) деген сөздің аудармасы болып табылады және “түбегейлі өзгеру” дегенді білдіреді. Бұл сөздің сипаттамасы ретінде балаңқұрттың көбелекке айналуын мысалға келтіруге болады. Ондай болса, мұнда бізге не айтылып тұр? Бізге мынау айтылып тұр: біз Киелі жазбадағы аяттарды шын жүректен жаттасақ, онда (рухани мағынада) бір пішіннен басқа пішінге өзгеретін боламыз. Демек, сыртқы түріміз бірдей болып қала береді, алайда ішкі дүниеміз өзгеріп, басқа адамға айналамыз. Сіз Киелі жазбаны жаттауға шындап кіріссеңіз, дәл осылай болатынын көресіз. Сіз неғұрлым көбірек аяттар жаттасаңыз, соғұрлым көбірек Мәсіхке ұқсайтын боласыз. Қандай тамаша!
Сегіз жыл бұрын мен бір жас жігітпен танысқан едім. Оны ата-анасы жиі ұрыпты. Ол кейін әскерге барғанда да көп таяқ жепті. Өзін өзі төрт рет өлтірмек болған. Порнографияға құмар еді. Өзін бір сәтсіз бейшара деп санаған. Ал қазір ол үйленген бақытты адам. Жақсы әке. Жұмыс істеу тарихы (резюмесі) тамаша. Қауымында сыйлы жекекшілердің бірі. Мәсіхпен тығыз байланыстағы өмірі қуанышқа толы. Осындай үлкен өзгеріс қалайша болды? Бұл жігіт Исаны өзінің Құтқарушысы ретінде қабылдағаннан кейін Киелі кітаптағы аяттарды жаттау және олар жайлы ойланып-толғану жағынан “жолбарыс” болып кетті. Ол санасына тиісті аяттарды енгізу үшін барлық бос уақытын арнады, мысалы оларды автобуспен жүргенде жаттай берді. Сөйтіп ой-тілектерін Құдай сөзі арқылы түбегейлі жаңартты. Осы жігіт сияқты еңбектенсеңіз сіз де сондай бола аласыз.
Бірнеше жыл бұрын адамдар бір әйгілі мәсіхшіден: “Сізге бүкіл тарихтағы адамдардың кез келгенімен кездесуге мүмкіндік берілгенде кіммен кездесер едіңіз?”– деп сұрапты. Сонда ол: “Мен бұрынғы өзіммен кездесер едім”, – деп жауап беріпті. Ол бұрыннан бері мәсіхші бола тұра, өмірінің үлкен бөлігін бекер өткізгенін түсінген болатын. Сондықтан Құдайға толық мойынсұнып өмір сүрген жағдайда өмірінің қандай болатынын көргісі келген еді. Егер біз Киелі жазбаны жаттауға шындап кіріссек, онда Құдай біздің қандай адам болғанымызды қаласа, дәл сондай адамға айнала бастаймыз. Бұның нәтижесі бізге ұнамды болады. Сондай-ақ, дұрыс жолға түскенімізге ешқашан өкінбейтін боламыз.
Құдай сіздің қандай болғаныңызды қаласа, сондай болыңыз…
Киелі жазбаны жаттауға шындап кірісіңіз.
Киелі жазбаны жаттау жайлы ұсыныстар:
Өзіңізге қажет аятты табыңыз
Оны күнде оқыңыз
Оны қағазға жазып, қалтаңызға салып жүріңіз. Кез келген уақытта алып шығып, оқи алатын болыңыз.
Өзіңізден осы аяттың нені білдіретінін сұраңыз.
Өзіңізден: “Маған таныс сенушілердің қайсысын осы аяттың жақсы үлгісі деп атауға болады?”– деп сұраңыз.
Өзіңізден: “Менің осы аятқа мойынсұнуыма қандай нәрселер бөгет болып тұр?” – деп сұраңыз.
Өзіңізден: “Осы аятта айтылғанды орындауым үшін мен қандай нақты қадамдар жасауға тиістімін?” – деп сұраңыз.
Аятты жуынатын бөлмеңіздің айнасына немесе тоңазытқышыңыздың есігіне жапсырып қойыңыз
Оны қайталаңыз, қайталаңыз және қайталаңыз.