4 суреттері
Сурет #1
Аян 1:12-17
ҚҰДЫРЕТТІ!
ЖАЛЫНДЫ!
АЙБАРЛЫ!
ЖІГЕРЛЕНДІРУШІ!
ДАҢҚТЫ!
Сурет #4
2 Қорынт 5:17 ЖАҢАДАН ЖАРАТЫЛҒАН АДАМ!
1 Жохан 3:1 ҚҰДАЙДЫҢ РУХАНИ БАЛАЛАРЫ!
Жохан 15:3 ТАЗА!
Жохан 15:15 ҚҰДАЙДЫҢ ДОСЫ!
2 Қорынт 5:8 АСПАН БАЙЛАНЫСТЫ!
Сурет #2
Ишая 53:3-5
ЖЕККӨРІНІШТІ!
КҮШСІЗ!
ӘЛСІЗ!
ҚҰРМЕТСІЗ!
ҚОРЛАНҒАН!
Сурет #3
Ефес 2:1 ӨЛІ!
Ефес 2:2-3 ҚҰЛ!
Лұқа 19:10 АДАСҚАН!
Жохан 3:18 СОТТАЛҒАН!
2 Қорынт 4:4 СОҚЫР!
Ефес 2:12 ҮМІТ ЖОҚ!
Біз зерттеуімізді біраз суреттерге қараудан бастауымыз керек. Суреттер бізге маңызды мәлімет береді, сондықтан біріншіден олардың төртеуін қарап шығайық. Осы төрт негізгі сурет бізге мәсішілік өмір жайлы дұрыс түсінікке ие болуға көмектеседі.
1-сурет.
Киелі кітабыңызды ашып, Аян 1:12-17-аяттарды табыңыз.
Осы аяттарда кім туралы айтылған? Иса туралы. Бұл сөздер Исаның шамамен алпыс жыл бұрын көкке көтеріліп кеткенінен бері Ол туралы ең бірінші рет берілген сипаттама болып табылады. Демек бұл суретте біз аспандағы Исаны көріп тұрмыз. Енді осы аяттарды мұқият оқып шығыңыз да, Исаны өз сөзіңізбен қалай сипаттай алатыныңыз жайлы ойланыңыз. Сіздің ойыңызға “ғажайып, көз шағылыстыратындай жарық әрі сұлу, жалындаған, құдіретті, төреші, айбарлы, рухтандыратын, қайран қалдыратын” сияқты сөздер келетін болар.
ҚАНДАЙ КЕРЕМЕТ ТҰЛҒА ДЕСЕҢШІ!
НЕТКЕН ҒАЖАЙЫП!
Ондай болмаса, Жохан елші Оның аяғына жығылар ма еді?
Сіз де дәл осылай істер едіңіз!!
Енді 2-суретке көшейік: Ишая 53:3-5
Бұл аяттарда кім туралы айтылған? Бұл үзінді – айқыштағы Иса туралы сипаттама. Сіз бұл суреттегі Исаны қалай сипаттар едіңіз? Осы үзіндідегі аяттарға негізделсек, біз Иса жайлы мына сөздерді айта аламыз: “адамдар Оны жек көрген; Ол әлсіреген, нәзік болған, адамдар Оны қатты ұрып, соғып, қорлап, Оған білгенін істеген”. Сіз кейде үлкен көшеде көліктердің ұсақ жануарларды қағып кеткенін көріп қаласыз. Қала басқармасынан жіберілген арнайы жұмысшылар анда-санда олардың өліктерін жинап, қоқыс салатын контейнерлерге тастайды. Осылай құтыла салады. Бұл жайлы ешкім қам жемейді. 2-суреттегі Исаның жағдайы осыған ұқсас болған. Айналасындағы адамдар Оның көзін біржола құртқысы келген және болашақта Оны ешқашан көрмейміз деп санаған еді. Сөйтіп, 2-сурет сізге Иса көрген жан түршігерлік азаптың шет жағасын ғана білдіреді.
Енді 3-суреттен не біле алатынымызды көрейік.
Бұл суретте біз әлі тәубеге келмеген, демек құтқарылмаған адамның жағдайын сипаттап бергіміз келді. Бұл адам Исаны өзінің Құтқарушысы ретінде қабылдамаған және Оған ешқашан сеніп көрмеген.
Ефес. хат 2:1-аятта құтқарылмаған адам “рухани өлі” деп сипатталған. Менің анам қайтыс болғаннан кейін үйдегілер оны төсекке жатқызған еді. Мен сол төсекке басымды соғып алып, ойланбай: “Кешіріңіз, мама!” – деппін. Анам маған жауап берген жоқ, өйткені қайтыс болғаннан кейін ол бұл қабілетінен айырылды. Құтқарылмаған адамның жағдайы дәл осындай, яғни оның өмірінде Киелі Рух жұмыс істемесе, мұндай адам Құдайға тиісті серпіліс жасай алмайды, өйткені ол рухани өлі. Пауылдың Ефестіктерге арналған осы хатын оқи берсек, біз ондағы 2:2-3-аяттарға көшеміз. Бұл аяттарда құтқарылмаған адам “күнәкар болмысының құмарлықтарына беріліп, ойы мен бойындағы тілектерін орындайды” деп айтылған. Демек, құтқарылмаған адам күнәның құлы. Ол күнә жасауға, күнәға батуға құмар және бұдан басқа ештеңеге жарамайды.
Матай 18:11-аятта құтқарылмаған адам “тура жолдан адасып кеткен” деп сипатталған. Сіз өміріңізде адасып көрдіңіз бе? Мәселен, мен бір күні Алматыға келіп, автобустан түскен кезде айналамдағы жерді танымай қалдым. Кеш батып кеткен болатын. Сол кезде ҚАТТЫ ҚОРҚЫП КЕТТІМ! Құтқарылмаған адамның жағдайы да осындай қорқынышты, өйткені ол Құдайға, шындыққа, дұрыс жолға, мәңгілік өмірге қарай апаратын бағытты білмейді.
Жохан 3:18-аятта құтқарылмаған адам “сотталған” деп сипатталған. Мұндай адам Құдайдың алдында кінәлы, өйткені ол күнәларын Құдайдың алдында мойындамады және Құдайдың ұсынған құтқару жолынан бас тартты. Құтқарылмаған адам жайлы сипаттама Қорынт. 1-хат 4:4-аятта жалғасады. Бұл аятта құтқарылмаған адам “соқыр” деп аталады. Ол Құдайды да, өзінің күнәлы жүріс-тұрысын да, күнәдан арылу жолын да көре алмайды. Ақырында, Ефес. хат 2:12-аятта құтқарылмаған адамның “үмітсіз өмір кешетіні” туралы айтылған. Үмітсіз өмір кешу деген не? Мұндай адам мағынасыз өмір сүреді. Ол болашақта теріс жолдан қайтып, Құдайға тәубеге келмесе, оның азабы жалғаса беретін болады. Әркімге үміт қажет. Ал егер құтқарылмаған адамда ешқандай үміт болмаса, онда оған әрі қарай өмір сүрудің қажеті қанша?
Ал 3-суреттен не көріп тұрсыз? Осы суретті қара, күңгірт, жабырқаңқы түстермен бояңыз. Қарағанда тартымсыз болсын. Бұл – сіздің әлі Мәсіхке келмей тұрған қалпыңыз. Сонымен бірге, бұл –Исаны өзінің жеке Құтқарушысы ретінде қабылдамаған, демек осы күні жер бетінде жүрген құтқарылмаған әр адам. Ойбай, неткен жаман!
Ал 4-сурет әлдеқайда жағымдырақ болады деп үміттенеміз! Және ол дәл сондай болмақшы. Бұл – мәсіхшінің суреті. Егер сіз Мәсіхке сенім артып жүрген болсаңыз, онда Киелі кітап бойынша қандай қалыптасыз? Қорынт. 2-хат 5:17-аят бойынша, егер сіз Исаны өзіңіздің Құтқарушыңыз ретінде қабылдап, Оған сенім артқан болсаңыз, сіз – жаңадан жаратылған адамсыз. Ондай болса, сізге 3-суреттегі қара түнекте өмір сүрудің қажеті жоқ. Құдай сізге жаңадан өмір сүруге мүмкіндік береді. Ал сіздің жаңа өміріңіз арқылы Құдай дәріптелетін болады.
Жохан. 1-хаты 3:1-аятта мәсіхші “Құдайдың рухани баласы” деп аталады.
Сәлем, мәсіхші! Сен кімсің?
СЕН ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫСЫҢ.
ҚҰДАЙ СЕНІҢ МІНСІЗ ӘКЕҢ.
ОЛ ЕНДІ СЕНІҢ ӘКЕҢ – ОЛ СЕНІ СҮЙЕДІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ; ОНДА СЕНІҢ ӨМІРІҢЕ ҚАТЫСТЫ ЖОСПАР БАР.
ОСЫ ДҮНИЕДЕГІ ӘР АДАМ СҮЙЕНЕТІН БІРЕУДІ ЖӘНЕ ӨЗІНІҢ ӨМІРІНІҢ МАҒЫНАЛЫ БОЛҒАНЫН ҚАЖЕТ ЕТЕДІ.
СЕН ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫ БОЛСАҢ, ОНДА СЕНІҢ ТІРЕГІҢ БӘРІНЕН ДЕ БЕРІК БОЛМАҚ ЖӘНЕ ОНЫ ЕШКІМ СЕНЕН АЛА АЛМАС; СЕН ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫ БОЛСАҢ, СЕНІҢ ӨМІРІҢ МАҒЫНАЛЫ ӘРІ БАҒАЛЫ, СОНЫМЕН БІРГЕ ЖАРТАСТАЙ ТҰРАҚТЫ БОЛМАҚ.
ӨМІРІҢ ТУРАЛЫ ОЙЛАНЫП, ЖАН-ЖАҒЫҢА ҚАРАШЫ.
ОТБАСЫҢДАҒЫ МҮШЕЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ ҚАЙТЫС БОЛУЫ МҮМКІН.
ҮЙІҢ ӨРТЕНІП КЕТЕ АЛАДЫ.
ДЕНСАУЛЫҒЫҢ НАШАРЛАП КЕТЕ АЛАДЫ.
ЖҰМЫСЫҢНАН АЙЫРЫЛУЫҢ МҮМКІН.
ДЕГЕНМЕН, СЕН ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫ ДЕГЕН ЛАУАЗЫМЫҢНАН ЕШҚАШАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛМАЙСЫҢ.
СЕН КІМСІҢ (ИСАНЫ ӨЗІҢНІҢ ЖЕКЕ ҚҰТҚАРУШЫҢ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАҒАН БОЛСАҢ)?
СЕН ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫСЫҢ.
ОСЫ ТУРАЛЫ ОЙЛАНЫП КӨРШІ.
ОСЫНЫ ЕСІҢДЕ САҚТАП ӨМІР СҮР.
БІР ПАРАҚТЫ АЛ ДА, ОҒАН “ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫ” ДЕП ЖАЗЫП, ОНЫ ЖУЫНАТЫН БӨЛМЕҢНІҢ АЙНАСЫНА ЖАПСЫРЫП ҚОЙ; БҰЛ ЖАЗУ САҒАН ОСЫ АҚИҚАТТЫ КҮНДЕ ЕСКЕРТЕТІН БОЛАДЫ.
ОСЫҒАН БОЛА ӨМІРІҢ ӨЗГЕРЕДІ.
Жохан 15:3-аят бойынша, сіз Исаны Құтқарушыңыз ретінде қабылдаған болсаңыз, онда рухани тазасыз. 3-суреттегі былғаныштың барлығы жуылып тазартылады. Сіз Мәсіхке сенген кезде Құдай сізді “рухани ваннаға жуындырады”.
Жохан 15:15-аят бойынша, сіз Исаға сенген кезде Құдайдың досына айналады екенсіз, демек енді сотталмайтын боласыз.
Ақырында, Қорынт. 2-хат 5:8-аятта сіздің көкке, яғни Құдайдың қасына баратыныңыз туралы айтылған. Болашақта сіз Құдаймен және мәсіхші бауырластарыңыздың барлығымен мәңгі бірге боласыз.
БҰЛ ҚУАНЫШТЫ ХАБАР ҒОЙ!
Сіз 3-сурет пен 4-суреттің арасындағы үлкен айырмашылықты байқадыңыз ба?
Сенуші адам сотталудың орнына енді Құдайдың досы болады.
Мәсіхті танымайтын адамда ешқандай үміт жоқ, ал сенушінің үміті – көктегі Құдайдың Патшалығы.
Қара түнектің орнына енді нұр келеді.
Ажарсыздықтың орнына енді сұлулық келеді, өйткені адамның өмірі түбегейлі өзгереді.
Сонымен, мінекей, төрт сурет.
Осы суреттерді мұқият қарап шығуға бірнеше минөт арнайық.
Біз олардан көп нәрсе үйрене аламыз.
1-бақылау
Адам 3-суреттен 4-суретке қалай ауысады?
Ол бұны өз күшімен істей ала ма?
Оның өз бетімен: “Мен қазір өзгеруім керек”, – деп шешім жасай салғаны жеткілікті ме?
Жоқ.
Енді 3-суреттегі адамдарға мұқият қараңыз.
Олар өз еркі мен күшіне жүгініп 4-суретке ауыса алмайды. 3-суретте оларды күнәның бұғауы ұстап жібермей тұр, сондықтан олар сырттан көмекті қажет етеді. Ал сырттағы осы көмек Исадан ғана келе алады.
Біз Мәсіхке сенім артқан кезде Ол бізді кешіріп, бойымызға Киелі Рухты жібереді. Киелі Рух бізге бұдан былай Мәсіх үшін өмір сүруге және 4-суретке барып тұруға көмектеседі. Біз Иса Мәсіхтің өзіміз үшін төккен қаны арқылы ғана күнәдан азат бола аламыз. Сөйтіп сырттан келген Иса ғана бізді 4-суретке ауыстыра алады.
Елшілер. істері 4:12
Жохан 14:6
Құдайға апаратын жолдар көп емес.
Оған апаратын бір ғана жол бар.
Адам Мәсіхке сенім арту арқылы ғана Құдайға бара алады.
Енді біз 4-суретте “өмір” сүре аламыз.
2-сурет
Енді 1-суретке қараңыз: онда көктегі Иса өте әдемі бейнеленген.
Ал 2-суретте Иса сұмдық әрі қорқынышты бейнеленген.
Көзіңіз 1-суреттің асқан әсемділігінен 2-суреттің үрейіне ауысқанда жаныңыз түршігіп кеткен жоқ па?
1-сурет пен 2-суреттің арасындағы кереғарлықтан (контрасттан) үлкен кереғарлық бұл әлемде табылмас.
Мұндайды көрген адам есеңгіреп қалуға тиісті.
Сіз осы екі суретте бейнеленген бірдей Тұлға екеніне сенесіз бе? Иса жұмақтағы құрмет пен артықшылықтардан Өз еркімен бас тартып, айқышта азап шегуге бел байлады? Сіз үшін сондай зор игілік жасаған Құдайды неге үздіксіз мадақтамасқа? Мадақтау мен сиыну деген не? Құдайға аса зор құрмет көрсету, Оны дәріптеу, Иемізге Оның Өз еркімен 1-суреттегі айбарлық пен әсемділіктен бас тартып, 2-суреттегі айқышта азап шегуге барғаны үшін рахмет айту. Сіз осы екі сурет туралы ойланып толғансаңыз, онда жүрегіңізден Құдайға арналған зор құрмет, мадақ және алғыс ағыл-тегіл төгілетін болады.
Бұрын мен Құдайдан Оның мені қаншалықты сүйетінін өзіме көрсетуін бірнеше рет сұраған едім. Осылай мінажат еткенім барып тұрған ақымақтық болған екен! Ол Өзінің мені қаншалықты сүйетінін айқышта (2-суретке қараңыз) әлдеқашан көрсетті ғой! Айқыштағы игі ісінен басқа Ол мен үшін тағы не істей алады? Ең жоғары құрбандық деген осы ғой! Мәсіх мен күнәқар болып жүргенде мен үшін жанын қиды. Сіз осы екі суретке біраз уақыт қарап отырсаңыз, онда Киелі кітапта сипатталған сүйіспеншілікті көретін боласыз, бойында мұндай сүйіспеншілік барлар басқаларға жақсылық жасауды қалайды. Құдайдың сізді сондай қатты сүйетініне толқымайсыз ба?
3-бақылау
Сіздің 3-суреттен 4-суретке ауыса алуыңыз үшін Иса 1-суреттен 2-суретке ауысуға мәжбүр болды. Біздің күнәмыздың жаман болғаны, басқа сөзбен айтқанда біздің 3-суретте сипатталған халіміздің мүшкіл болғаны соншалық, Иса, бізді күнәдан азат ету үшін, 2-суретте бейнеленген сұмдық азапты көтерді.
Осы төрт сурет Қорынт. 2-хат 5:21-аяттағы ақиқаттың сипаттамасы болып табылады. 1-суреттегі Иса 2-суреттегі Исаға айналды, осы арқылы 3-суреттегі күнәкар сіз 4-суреттегідей таза болдыңыз. Құдай қандай керемет! Ол ешқандай күнә жасамаған мінсіз Тұлғаны (1-сурет) күнәкар ретінде жазалады (2-сурет), осы арқылы біз (3-сурет) Құдайдың алдында ақталып шықтық (4-сурет)
Қорынт. 2-хат 5:21
4-бақылау
Егер сіз: “Мен 4-суреттемін” дей тұра, 3-суретте болғандай өмір сүрсеңіз, мұныңыз дұрыс бола ма? Рухани өлі адамдай өмір сүріп неңіз бар? Сізде 4-суреттегі баталардың барлығын алу мүмкіндігі бар болса да, 3-суреттегі қара түнекте тұруды таңдайсыз ба? Иса бізді күнәларымыздан азат ету үшін 3-суретте бейнеленген сұмдық жазаны көтерді. Сондықтан біз, Оған ризашылығымызды білдіру үшін, күнәларымыздан бас тартуымыз керек пе?
Мысалы, күйеу: “Мен Исаға сенемін, сондықтан 4-суреттемін”, – дей тұрып, өзінің әйелін ұрса, бұл қалай болады? Мәсіхші ер адам өзінің әйелін Мәсіх қауымды сүйгендей сүюге тиісті (Ефес. хат 5:25). Біз өзімізді мәсіхші деп атаған болсақ, онда бұл қасиетіміз өмірімізден көріну керек. Жохан. 1-хаты 2:6-аятта солай айтылған.
Сіздің шынымен 4-суретте екеніңіз үш жыл бұрын Исаға айтқан мінажатыңыз арқылы дәлелденбейді. Бұл сіздің БҮГІНГІ өміріңіз арқылы дәлелденеді, өз әйеліңізді сүю, демек оны ұрмау да осыған кіреді. Сіз бірнеше жыл бұрын Исаға мінажат етіп, Оны Құтқарушыңыз ретінде өміріңізге шақырдыңыз ба? Тамаша! Ондай болса, күнәларыңыздан бас тартып, осыны дәлелдеңіз, әйеліңізді (ұрмай) Мәсіх қауымды сүйгендей сүйіңіз.
Матай 7:17,18
Әр жақсы ағаш жақсы жеміс береді. Біз өз әйелін ұратын ер адамды ешқашан мәсіхші деп атамауымыз керек. Біз оған былай айтуымыз керек: “Егер мәсіхші болсаң, онда күнәңді (әйеліңді ұратыныңды) мойындап, күнәңнан бас тарт және әйеліңді Мәсіх қауымды сүйгендей сүй (демек әйелің үшін өміріңді қиюға дайын бол). Күнәңнан бас тартқаның сенің шынымен сенуші екеніңді көрсетеді. Ал күнәңнан бас тартпағаның сенің әлі Мәсіхке тәубеге келмегеніңді көрсетеді”.
5-бақылау
Егер біз 4-суретте болсақ, онда біздің басты назарымыз қайда болуға тиісті? Біз неге ең қатты қызығуымыз керек? 1-сурет
Бір ынтызар мадақтау әнінде айтылғандай:
Киелі Рух,
Сенің игі қалауыңа сай емес тілектерімнің барлығын өртеп, жойып жібер.
Менің бойымда өзімнің емес, Сенің көбірек билік жүргізгеніңді қалаймын.
Сені құрметтемейтін салалардың барлығын менің өмірімнен алып тастай гөр.
Уа, Құдайым, Саған сай еместің барлығын менің өмірімнен алып тастай гөр.
Құдай, менің жүрегімді сараптаған кезде одан Саған ұнамсыз бірдеңе тапсаң, оны алып тастай гөр.
Тазарт, мені тазарт.
Киелі жалын, келе ғой,
Саған ұнамды еместің барлығын жойып жібер, менің болмысыма емес, Сенің болмысыңа сай салалар ғана қалсын, менің емес, Сенің еркің болсын.
Мені Өзіңнің Рухыңа толтыр, Құдай, Саған ұмтыламын, Саған ұмтыламын.
Мені тазартасың ба?
Иса, жүрегімнен Саған көбірек орын бергім келеді.
Киелі жалын, менің болмысыма емес, Сенің болмысыңа сай салалар ғана қалсын, менің емес, Сенің еркің болсын.
Бұл сөздер Забур жыр. 63:1-аятқа негізделген болар. Біз бұл жерде Дәуіт пайғамбардың Құдайға деген жалынды сүйіспеншілігін көріп тұрмыз. Сонымен бірге, Забур жыр. 63:5-аятқа қараған кезде біз разы болған адамның өмірін көріп тұрмыз. Сіз разы болған сенушілердің қаншасын танисыз? Біз бүкіл әлемге Иса туралы айтпақшымыз. Ал біз Құдайды шынымен жақсы көрсек және Оған шынымен разы болсақ, куәлігіміздің қандай әсерлі болатынын білесіз бе?
Тағы бір аятқа қараңыз: Қорынт. 2-хат 3:18
Біз Исаға неғұрлым көбірек қарап, Оған неғұрлым көбірек ұмтылсақ, соғұрлым Оған көбірек ұқсап, Оған көбірек даңқ әкелеміз.
Біз нағыз сенуші болсақ, онда мақсатымыз да, қуанышымыз да, тапсырмамыз да осы болуға тиіс. Демек, біз уақытымызды, күшімізді және сүйіспеншілігімізді 1-суреттегі салаға арнауымыз керек.
6-бақылау
Егер сіз 4-суретте жүрсеңіз, онда: “Сен 3-суреттегі адамдарға назар аударуға және оларға көмектесуге тиістісің”, – деген үндеуді жиі естіп жүрген шығарсыз. Ондай болса, 3-суреттегі адамдарға қасіретінен құтылуға және 4-суреттегі азаттық пен қуанышқа жетуге кім көмектесу керек? Дұрыс, оларға біз көмектесуіміз керек. Біз өмірімізді 3-суреттегі адамдарды Исаға әкелуге арнауға тиістіміз. Бұл жерде тоқтап, өзімізге бір сұрақ қояйық. Егер біз 3-суреттегі адамдарды Исаға әкелгіміз келсе, онда біріншіден Иеміздің қандай өсиетін іс жүзінде орындауымыз керек?
Матай 22:37, 38
Демек, біз біріншіден Исаға ұқсас болуымыз керек. 1-суреттегі Тұлға біздің өміріміздің басты ынтасы мен мақсатына айналғаннан кейін біз 3-суреттегі адамдарға жүгіріп барып, оларға Исамен қарым-қатынаста болудың қандай екенін көрсетсек, олардың Исаны өздерінің Құтқарушысы ретінде қабылдауы көбірек ықтимал болады. Бұл адамдар біздің бойымыздан Исаның сүйіспеншілігін көреді, өйткені біз Исаны сүюді приоритетке айналдырдық (басты орынға қойдық).
Иә, біз 3-суреттегі адамдарды құтқаруға ұмтылуымыз керек. Алайда осы қызметте неғұрлым табысты болу үшін біздің Исамен қарым-қатынасымыз мықты болу керек, демек біз 1-суретке ынтызар болуымыз керек.
7-бақылау
Егер сіз 4-суретте жүрсеңіз, онда сіздің 3-суреттегі біреумен некелескеніңіз дұрыс бола ма? Сенуші сенбеушімен қалай неке құра алады? Жаңа жаратылысқа айналған адам рухани өлі адаммен қалай некелесе алады? Сіздің Құдайдың сүймейтін адаммен қосылғаныңыз дұрыс па? Мәсіхшілер құтқарылмаған адамдарға куәлік айту керек ме? Әрине. Мәсіхшілер құтқарылмаған адамдарға Исаның сүйіспеншілігін көрсету керек пе? Иә. Ал рухани ұғымы мен көзқарасы мүлдем өзгеше біреу сіздің өмірлік серігіңіз бола ала ма? Ойбай, немене?!! Соншалықты маңызды қарым-қатынасты мұндай тұрақсыз негізден бастап неңіз бар?
Мына аяттарды тыңдаңыз:
Қорынт. 2-хат 6:14
Малахи 2:11
Езра 9:2-4
Заңды қайталау 7:1-4
Сонымен бірге, Сүлеймен патша жасаған қатенің қатал сабағын да ұмытпаңыз: Патша. 3-жазба 11:1-4
Осы оқиғадан кейін Сүлеймен Құдайдан алыстай бастады.
Құдайды тыңдамай, құтқарылмаған адаммен некелессек, біз де Құдайдан алыстай бастаймыз.
Ондай болса, “осы құтқарылмаған адамды бір күні Мәсіхке әкелуге үмітім бар” деп онымен некелессем қалай болады? Біз көп нәрсеге үміттене аламыз. Барлық адамдардың Мәсіхке келгенін қалаймыз және осыған үміттенеміз. Дегенмен жоғарыдағы аяттарды қайта оқып шығыңыз. Құдай сенушінің сенбеушімен қосылғанын жақтырмайды. Бірінші орында неке емес, құтқарылу болуға тиіс.
8-бақылау
Егер сіз қазір 4-суретте жүрсеңіз, онда не істеуіңіз керек? Сіз талай нәрсе істей аласыз. Сіз мынаны білесіз: егер сіз 3-суреттен 4-суретке ауыссаңыз, шайтан қатты ашуға мінеді. Ол ізіңізге түсіп, сізге шабуыл жасап, сізді мазалап, құртпақшы болады. Сондықтан сіз тиісті шаралар қолдануыңыз керек. Әр күні қырағы болыңыз. Күнде күнәларыңызды мойындап ғибадат ету керек. Кейбір күнәлар бізге тартымды болып көрінсе, онда оларды жек көру үшін Құдайдан көмек сұрауымыз керек. Құдайдың мұндай мінажатқа міндетті түрде жауап беретініне күмәнданбаңыз. Бізді 3-суреттегі өмірге кері тартып алып кететін нәрселердің барлығынан аулақ жүруге тырысыңыз. Дегенмен біз бұдан да көбірек шаралар қолдануға тиістіміз. Біз 4-суретте ағаш өсіріп, оған тамыр жаюға жол беруіміз керек.