Мәсіхшілік сенімнің бірегейлігі
Мәсіхшілік сенімде әлемдегі басқа негізгі діндерде табылмайтын не бар? Әлемдегі басты діндерді қалай салыстыруға болады?
Біріншіден, біз барлығына әділ қарауымыз керек. Бір дінге сенетін жексұрын зұлымды басқа бір дінге сенетін өте жақсы адаммен салыстыруға болмайды. Әлбетте, сол діннің білімді өкілдері қолдайтын, сол дінді бейнелейтін адамды тексергеніміз дұрысырақ болар. Шындығында, діндерді әділ салыстыру үшін олардың қандай нәрсеге сенетінін сұрауымыз керек. Өз жазбаларында немесе ілімдерінде олардың жетекшілері неге сенетіндерін жариялайды? Олардың сенімдерінің негізін зерттеп оқыған жақсы болар еді. Сонда олар өздері туралы айтады.
Сенімнің тұжырымдамалары: Дін қандай нәрсені шындық ретінде ұстанады? Дін қандай нәрсеге сенетінін жариялайды? Сол сенімдегі адал сенушілері діндегі талаптарды қалай орындауы керек? Сол діннің адал орындаушыларына дін қандай сый ұсынады? Сол ілімдерді ұстанғанда жеткен табыстары немесе жолдары қандай болу керек? Сол дін қандай пайдаларды ұсынады? Сол дін өзінің негізін салушысы немесе өз Құдайы туралы нені тұжырымдайды?
Бірегей сенімнің тұжырымдамасы деген не? Ол – тек қана бір дінге ғана тән, тұжырымдалатын нәрсе, оны басқа діндерде кездестірмейсіз. Керісінше, мыналар бірегей сенімнің тұжырымдамасын көрсетпейді: негізін салушысының болуы, киелі жазбалардың немесе кітабының болуы, моральдық сабақтар және этика, өлімнен кейінгі өмірге сену, Құдайға сену және т.б. Бұлар – барлық діндерде табылады.
Мәсіхшіліктің бірегей сенімі туралы тұжырымдамасы:
- Иса – Құдай.
Иса – адам бейнесіндегі Құдай. Жохан 1:1-3 : «Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған». Жохан 1:14 «Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді». Ишая 9:6 «Себебі Сәби дүниеге келді, Біз үшін осы Ұл сыйға берілді! Билік Оның қолында қала береді: Ол «керемет ақылды Кеңесші, Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке, Тыныштық сыйлатын әмірші деп аталатын болады». Жохан 20:28-да Томас қайта тірілген Мәсіхті көріп: « – Ием менің, Құдайым менің! – деп жариялайды. Еврейлерге арналған хаттың 1 тарауын да Исаның Құдайлық болмысына керемет куәлік ретінде оқыңызшы. Біз, мәсіхшілер, біздің сеніміздің негізін салушы Иса Мәсіх – толық адам және толық Құдай деп мәлімдейміз.
Ұлы Жаратушымыз Өзі жаратқан Әлеміне тура біз сияқты, бірақ еш күнәсіз адам болып келуі өте ғажап нәрсе. Бұл – Құдайдың адам бейнесінде келуі.
Бұл – Құтқарушымыздың дүниеге келуі. Басқа еш дінде осы жоқ.
- Иса – күнәсіз.
Еврейлерге арналған хат 4:15 «Ол бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді, бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ».
Ишая 53:9-да: «… аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес» деп жазылған. Ол Өз аузымен еш күнә жасамады. Басқа негізгі діндердің негізін салушылардың ешқайсысы өздерін күнәсізбіз деп жариялап көрген жоқ. Басқа діндердің негізін салушылардың әйгілі болған жаман іс-әрекеттерін тарихтан оқуға болады. Егер Иса Өзі күнәкар болса, біздің күнәмізға қарсы болған Құдайдың қаһарын басу үшін біздің орнымызға өле алмас еді. Исаға онда Өз күнәсі үшін төлем төлеуі керек болар еді.
- Иса – тірі.
Иса 2000 жыл бұрын туылып және бүгін де Ол – тірі. Ол өлімнен тірілді! Ол Өзінің даңқталған адами тәнімен Құдай Әкенің оң жағында отыр. Елшілердің істері 2:23-24–те Құдайдың Өз еркімен Исаны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен өлтіртіп және Оны өлімнен қайта тірілтіп алуға белгілегені туралы жазады.
«Ал Иса Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен құрбан етілді: сендер Оны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен айқышқа шегелетіп өлтірттіңдер! Бірақ Құдай Исаны өлім тұзағынан босатып, тірілтіп алды. Өйткені өлім құрсауында қалуы мүмкін емес болатын».
Елшілердің істері 2:22-37 аяттарда және Исаның қайта тірілуі туралы керемет тарау – Қорынттықтарға арналған 1 хаттың 15 ші тарауын оқып көріңізші. Бұл – маңызды тұжырымдау. Мәсіхшілік сенім Исаның қайта тірілуіне байланысты тұрады немесе құлайды. Басқа еш дін өзінің негізін салушысын тірі деп айта алмайды.
- Құдай адамды іздейді.
Кез-келген дін адам Құдайды өзі іздеуі керек деп үйретеді. Мәсіхшілік сенімде ғана Құдай адамды іздейді. Римдіктерге арналған хатта 5:8-де Құдайдың өзі бірінші болып қадам жасайтыны туралы анық жазылған: «Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді».
Елшілердің істері 8 және 10 тарауда біз Құдайдың «әлемнің Нұры» Исаны ефиопалық уәзір мен Римдік жүзбасы Корнелге алып келгені туралы әңгімелерді оқимыз. Олардың әрқайсысы осы кішкентай нұрға жауап беріп, қабылдады. Содан кейін Құдай олардың әрқайсысына Иса Мәсіх арқылы көрінген Құдайдың даңқы туралы жарықты жеткізуге қатты тырысты. Ал басқа діндердің барлығы адам Құдайды табуы керек деп үйретеді.
- Құтқарылу немесе Құдаймен қарым-қатынас – сыйлық.
Басқа діндердің барлығы адам құтқарылуды өз еңбегімен алады деп үйретеді. Бірақ Ефестіктерге арналған хатта 2:8-9-да мәсіхшіліктің мүлдем басқа екенін үйретеді: «Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл – өздеріңінің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый. Сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын».
Титке арналған хат 3:5-ші аят осы түсінікті қолдайды: «…бізді құтқарды. Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты». Бұл – сыйлық. Бізге жеткілікті түрде жақсы немесе жеткілікті болу үшін қатты тырысып керек емес. Сондықтан біз өз құтқарылуымызға сенімді бола аламыз. Басқа діндердің барлығы біз құтқарылуды өз істеріміз арқылы аламыз деп үйретеді.
- Құдай Өзінің талаптарын біздің орындай алуымыз үшін ішіміздегі Киелі Рух арқылы күш береді.
Філіпіліктерге арналған хат 2:12-13-те былай деп жазылған: «Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларына сай әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер! Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы – Құдай». Філіпіліктерге арналған хат 4:13 бізге мынадай сенімділік береді: «Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын». Ғалаттықтарға арналған хат 5:22-23 айтады: «Ал Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін “жеміс” мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, қеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық. Ешбір заң бұларға қарсы тұрмайды».
Қорынттықтарға арналған 2 хатта 3:18 аят бізге көзімізді Исадан алмай, Киелі Рух бізді Исаға ұқсатып, ішімізден өзгертсін деп айтады. Киелі Рухтың күші бізді жер бетіндегі өмір сүргендердің арасындағы ең ұлы адам Исаға ұқсауымыз үшін киелілендіреді. Киелі Рух – рухани күш беретін дәрі сияқты. Футбол командасына кіргісі келген бір әлсіз жас жігітті алып қарайықшы. Ол жаттығулар жасауға күші болмағандықтан командаға кіре алмайды. Оның досы бір сондай дәрі жасап, оған берді деп елестетейікші. Енді сол күш беретін дәрінің арқасында сол жігіт тренер талап ететін кеудені жерден көтеру жаттығулары қанша керек болса, сонша жасайтын болады. Барлық діндерде мораль мен этика талаптары бар, бір тек қана мәсіхшілік сенім соларды орындауға қажетті күшті береді.
- Иса бізді жауларымызды сүюді үйретеді.
Басқа еш дін осыған үйретпейді. Матай жазған ізгі хабарда 5:44-те Иса былай деді: «жауларыңды жақсы көріңдер…» Айқыш ағашта тұрғанда Иса былай деді: «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді». Луқа жазған ізгі хабар 23:34. Бұл – істеуге оңай нәрсе емес.
Бізді қорқытатын немесе бізге зиян келтіретін адамдар – біздің жауымыз емес екені есімізде болуы керек. Олар – жауымыздың құрбаны. Шайтан – нағыз жауымыз. Біз олар шайтанның құлдығынан босанып, Иса Мәсіх арқылы Құдайдың беретін рақымы мен сүйіспеншілігі арқасында азат болсын деп дұға етуіміз керек. Мұндай сүйіспеншілікті басқа ешбір діндер бере алмайды.
- Үшбірлік: Әке, Ұл және Киелі Рух деген үш жеке тұлғадан тұратын Бір Құдайға басқа ешқандай дін сенбейді. Матай жазған ізгі хабар 28:18-20-да, біз Үшбірліктегі үш жеке тұлғаны көре аламыз: «… Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімнен өткізіңдер…». Үшбірлік – Құдай, Ол мәңгіліктен мәңгілікке жалғасқан сүйіспеншіліктің қарым- қатынасы немесе жанұясы. Біз Исаға сенгенде сол жанұяның мүшесі боламыз. Жохан жазған ізгі хабар 13:34-35 «Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгеңдей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! Менің шәкіртерім екендіктеріңде елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады». Бұл – нәтижесінде сенушілер басатын тиісті қадам.
Мәсіхшілік сенімнің тұжырымдамалары, бірақ ол мәсіхшілдік сенімде ғана табылмайды:
- Мәсіхшілік сенімде Киелі Кітап бар.
- Мәсіхшілік сенімде тамаша ережелер, заңдар, этика, діни нұсқаулар бар.
- Мәсіхшілік сенім Құдайдың бар екеніне сенеді.
Сұрақтар:
- Егер сіз өз дініңізде/сеніміңізде табысты адам болсаңыз, оны қалай суреттер едіңіз? Сеніміңіз сізге не ұсынады?
- Сіздің сенген дініңізде табысты болу үшін не нәрсеге сеніп, нені істеуіңіз керек? Шынайы сенуші деген кім?
- Өзіңіздің Құдайыңыз туралы айтыңызшы. Сіздің Құдайыңыз қандай? Сеніп, сыйынатын Құдайыңызды сүйесіз бе?
- Сіздің дініңіздің ең басты қайнар көзі қайдан? Сіздің Киелі жазбаларыңыз не?
- Сіздің дініңіздің тарихқа көзқарасы қандай? Шеңберлік көзқарас (тарихтағы кезеңдер қайталанып бола береді деген түсінік) немесе түзу сызық па (жаратылыстың басы бар және адамзат соңына жүріп келе жатыр деген түсінік)?